Сауда орталықтарындағы ұрлық: полиция қырағы болуды ескертеді
Полиция дүкендердегі ұрлықтың алдын алу бойынша кеңестер берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта Павлодар облысында ірі сауда орталықтарынан тауар ұрлау оқиғалары жиілеп барады. Күн сайын полицейлер азық-түліктен бастап сырт киімге дейінгі заттарды заңсыз иемденуге тырысқан азаматтарды анықтап, ұстауда. Біреу үшін бұл – жай ғана сауда тізіміндегі өнімдер болса, екінші біреулер үшін – қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдер тізімі.
Мысалы жуырда Павлодар қаласындағы ірі сауда орталығының әкімшісі ерлер күртесін ұрлау әрекеті туралы полицияға хабарлаған. Сол күні облыс орталығындағы тағы бір дүкенде "Bacardi Garta Negrra" ромының бөтелкесі қолды болды. Ал Екібастұз тұрғыны қала супермаркетінен бес қорап "Merci" шоколадына есеп айырыспай, сыртқа алып шыққан.
– Естеріңізде болсын, кассадан төлемсіз өту – заң бұзушылық. Бұл шұжық наны мен ірімшік брикеті сияқты ұсақ заттарға да қатысты. Көп жағдайда ұрыларды сауда нүктелерінде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықтаймыз, – деп атап өтті Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Полиция қызметкерлері өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бар дүкендердің қызметкерлеріне мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
Сөмкелі, көлемді киім киген, маусымға сай емес киімдегі немесе арба, үлкен сөмке ұстаған сатып алушыларға назар аударыңыз;
Сатып алушылардан өздерімен бірге әкелген жеке заттарын сақтау камерасында қалдыруды талап етіңіз;
Ішіне ұсақ тауарларды жасыруға болатын ірі заттарды мұқият тексеріңіз;
Қымбат әрі оңай тасымалданатын тауарларды дүкен шыға берісіне қоймаңыз;
Ұрлық фактілері бойынша дереу "102" нөміріне хабарласыңыз немесе "Police 102" мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, ұрлықтың алдын алу – тек полицияның емес, сауда орындары мен азаматтардың да ортақ жауапкершілігі.