Елордада мас жүргізуші мен көлік иесі жауапқа тартылды
Елордада мас жүргізуші мен көлік иесі жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңғы уақытта Тұран даңғылында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізіп келе жатқан деген күдік тудырған жүргізушіні байқайды. Полиция тоқтау туралы белгі бергенімен, ер адам дереу бағынбай, жолын жалғастырады.
Көлікті 21 жастағы астаналық тұрғын басқарған. Медициналық тексеру оның алкогольдік мас күйінде екенін растады. Сонымен қатар, оның көлік жүргізу құқығы да болмағаны анықталды. Айдап келе жатқан көлік өзінікі емес – кілтін қасында отырған досы берген.
Көлік иесінің өзі де мас болған. Мас әрі жүргізу куәлігі жоқ адамға рөлді тапсырғаны және өзі де мас күйде көлік басқарғаны үшін ол 7 жылға жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал көлікті айдаған азамат сот шешімімен 20 тәулікке қамалды.
Өткен демалыс күндері елордалық полицейлер мас күйінде көлік жүргізудің 27 дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері ескертеді: көлікті мас күйінде басқару немесе рөлді мас адамға не жүргізу куәлігі жоқ адамға беру – ауыр жазаға соқтырады. Барлық құқық бұзушылар заң алдында жауап береді.