Ақтөбеде жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ақтөбеде жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірін сақтау мақсатында заманауи және тиімді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыстық полиция департаменті жүргізушілердің тәртібін күшейту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автожолдарда түнгі және жасырын патрульдеу, "ақылды" бейнекамералар, дронмен бақылау т.б. профилактикалық шараларды қабылдауда.
Кезекті шаралардың бірі республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау автожолының 247-шақырымында жүзеге асырылды. Полиция қызметкерлерінің бастамасымен бұл аумақта жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізіліп, жылдамдықты біртіндеп шектейтін арнайы жол белгілері орнатылды. Аталған жұмыстар "Қазавтожол" мекемесімен бірлесе атқарылды.
Жолды тарылту жүргізушілерді жылдамдықты азайтуға мәжбүрлеп, жол бойындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған әлемдік тәжірибедегі тиімді тәсілдердің бірі.
Аталған учаске Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылына жақын орналасқан. Осы аумақта патрульдік полиция жасағы жүргізушілермен профилактикалық әңгімелесу жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау, рульде шаршаған жағдайда тынығу, жолға үй жануарларының шығуы мүмкін екенін ескеру сынды маңызды мәселелер туралы түсіндіруде.
– Жүргізушілерді тоқтатудағы басты мақсатымыз – оларды жазалау емес, жол қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Себебі жүргізушілердің тәртібі мен саналы әрекеті – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың негізгі шарты. Түсіндіру барысында полицейлер ақпараттық жаднамалар да таратуда, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.