Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде жаңа өндіріс орындары ашылды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде жаңа өндіріс орындары ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарды еңбекпен қамту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қазіргі таңда өңірдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің 70 пайызы еңбекке тартылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында бірқатар жаңа өндіріс орындары іске қосылды.
Қызылорда облысы прокуратурасы мен ҚАЖ департаментінің қолдауымен, Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы арқылы "Ален" жеке кәсіпкерлігі республикалық инновациялық бағдарлама бойынша қайтарымды несие алды. Бұл қаражатқа брусчатка өндіруге арналған заманауи құрылғы орнатылып, 15 сотталған тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, "Смартблок" ЖШС – полистирол блок, ал "BAI-M TREND GROUP" ЖШС – пескаблок өндіретін екі жаңа цех ашылды. Бұл өндіріс орындарында тағы 16 сотталған еңбекпен қамтылды.
Қазіргі уақытта №60 мекеменің өндірістік аймағында 15 жеке кәсіпкер жұмыс істеп, сотталғандарды еңбекке тартып қана қоймай, бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр.