Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәулік бойы қызмет: "102" операторларының ерен еңбегі

Ақтөбедегі жедел басқару орталығында "102" қызметі тәулік бойы, мереке мен демалысқа қарамастан жұмыс істейді. Әрбір қоңырау – нақты көмекке мұқтаж жанның үні, ал сол үнге бірінші болып жауап беретіндер – полиция операторлары. Олардың бірі, сержант Әлиева Венера, үш жылдан бері жүздеген тағдырға дер кезінде қолұшын созып келеді. Венераның қызметтегі бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқи аласыздар.

Жедел басқару орталығындағы "102" қызметі тәулік бойы, тоқтаусыз жұмыс істейді. Бұл нөмірге түскен әр қоңырау – шынайы көмекке мұқтаж адамның жанайқайы. Бірі – жоғалған жақынын іздеп алаңдаса, бірі – отбасындағы жанжалдан қажыған, енді бірі – төтенше оқиғаға куә болған. Осындай түрлі жағдайда ең алдымен телефон тұтқасын көтеретін – операторлар.

Полиция сержанты Әлиева Венера осы орталықта үш жылдан аса қызмет етіп келеді. Оның күнделікті міндеті – шұғыл жағдайға тап болған азаматтардың үнін тыңдап, дереу тиісті бөлімдерге хабарлау.

— Әр күн түрлі оқиғамен басталып, түрлі оқиғамен аяқталады. Бірде – жоғалған бала жайлы хабар аламыз, бірде – отбасылық жанжал туралы шағым түседі. Кейде медициналық жедел жәрдемді де біз ұйымдастырамыз. Біз – бірінші болып естиміз, әрі бірінші болып әрекет етеміз, — дейді Венера.

Күніне жүздеген қоңырауға жауап беретін оператордың басты міндеті – сабыр сақтау, нақты ақпаратты жылдам анықтау және оқиға орнына жедел қызметтерді бағыттау.

— Кейде адамдар бізге соңғы үмітпен хабарласады. Сол сәтте сен тек телефонның ар жағындағы маман ғана емес, көмекке мұқтаж жанның сенімді серігіне айналасың, — деп бөліседі ол.

Жедел басқару орталығының тынысы бір сәтке де тоқтамайды. Мұнда тәулік бойы, мереке мен демалысқа қарамастан қызмет көрсетіледі. Операторлар үшін әрбір минуттың бағасы қымбат — артында адам өмірі мен қауіпсіздігі тұр.

"102" нөмірі бүгінде жай ғана байланыс желісі емес, шынайы үміт пен сенім арқауына айналған. Сол сенімді арқалап, оны адал қызметімен ақтап жүрген жандардың бірі – полиция сержанты Әлиева Венера. Оның елеусіз көрінетін, бірақ аса жауапты еңбегі талай тағдыр үшін көмек пен тыныштықтың кепілі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру