Қарағанды облысында тағы бір жедел басқару орталығы ашылды
Қарағанды облысы Абай ауданында жедел басқару орталығы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай аудандық полиция басқармасында заманауи жедел басқару орталығы жұмысын ресми түрде бастады. Орталықтың ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, нысанның мүмкіндіктерімен танысты. Өңір басшысына полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов орталықтың техникалық жабдықталуы мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады.
Қазіргі уақытта жедел басқару орталығына Абай ауданында орнатылған 2 571 бейнебақылау камерасының 1 119-ы қосылған. Оның 156-сы – қоғамдық орындар мен көшелердегі тәртіпті бақылауға, ал 963-і – аудан аумағындағы 49 білім беру мекемесі мен балабақшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кездесу барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталықтың қамту аясын кеңейтіп, Абай ауданына іргелес ауылдардағы бейнебақылау жүйелерін де қосу қажеттігін атап өтті.
– Ішкі істер министрінің тапсырмасы және облыс әкімдігінің қолдауымен шағын қалаларда жедел басқару орталықтарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін Абай ауданында орталық іске қосылса, алдағы уақытта мұндай нысандар Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Саран және Осакаров ауданында да ашылады. Бұл ең алдымен өңірде заң мен тәртіптің сақталуына, қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушылықтың жолын кесуге зор мүмкіндік береді, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов.
Жаңа орталықта полиция қызметкерлері тәулік бойы ауданның тыныштығын қадағалап, оқиға орын алған жағдайда жедел әрекет етеді.