Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жеке куәлікті онлайн ауыстыру: Абай облысында полиция жаңа цифрлық қызметті іске қосты

Қазақстанда азаматтар енді жеке куәліктің мерзімі аяқталған жағдайда оны үйден шықпай-ақ, онлайн түрде ауыстыра алады. Жаңа қызмет уақытты үнемдеп, кезектерді азайтуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда цифрландыру бағытындағы игі бастамалар жалғасуда. Енді азаматтар жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда, оны үйден шықпай-ақ, онлайн түрде ауыстыра алады. Бұл қызмет мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша қолжетімді етуге, уақытты үнемдеуге және ұзын-сонар кезектерді азайтуға бағытталған.

Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы жаңа жүйені алғашқылардың бірі болып қолданып, онлайн өтінім берген азаматтарға дайын құжаттарын табыстады. Арнайы қабылдау барысында басқарма мамандары құжат иелерін құттықтап, алғыстарын білдіріп, шағын сый-сияпат ұсынды.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Имангажанов азаматтарды жаңа электронды қызметті сәтті пайдаланып, уақытпен қатар күш-жігер үнемдеуге мүмкіндік алғандары үшін құттықтап, бұл бастаманың қолайлылығын атап өтті:

— Цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану — заман талабы. Онлайн қызметтер халық үшін ашықтық пен тиімділікті арттырады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы да осы бағытта жақсарып келеді. Біз алдағы уақытта да осындай оң өзгерістерді қолдап, жаңа жобаларды енгізуді жалғастырамыз, — деді ол.

Жеке куәлікті онлайн ауыстыру үшін азаматтар Egov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтінім бере алады.

Өтінім беру тәртібі өте қарапайым: қолданылу мерзімі өткен немесе аяқталуға жақын жеке куәлікті таңдап, жаңа фотосуретті жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау жеткілікті. Құжат дайын болған соң, азамат оны өзі таңдаған халыққа қызмет көрсету орталығындағы көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерінен алып кете алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру