Абай облысында полицейлер "Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу" тақырыбында студенттерге қауіпсіздік сабағын өткізді
Абай облысында полицейлер "Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу" тақырыбында студенттерге қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар – қоғамның болашағы, елдің зияткерлік әрі әлеуметтік әлеуетінің негізі. Сондықтан жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері бірлесіп, жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Аталған іс-шара аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов Шәкәрім атындағы университеттің 3-курс студенттерімен кездесу өткізіп, қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Сабақтың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға баулу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланып, есірткі заттарын қолданудың адам ағзасына тигізетін зияны ғылыми әрі практикалық тұрғыда түсіндірілді. Сонымен қатар есірткіге тәуелділіктің тек жеке адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасы мен қоғамдағы орнына да кері әсер ететіні атап өтілді. Қатысушыларға есірткі қылмыстарына қатысты заңнама талаптары кеңінен түсіндіріліп, құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік шаралары нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – жастардың саналы ойлау қабілетін қалыптастыру және олардың өмірлік құндылықтарын дұрыс бағдарлау болды. Спикер студенттерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, бос уақытты тиімді пайдалануға және зиянды ортадан аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар салауатты өмір салтының артықшылықтары, спорт пен белсенді өмірдің маңызы ерекше атап өтілді.
