Тәртіп сақшылары ескертеді: мас күйінде рөлге отыру – қылмыс
Ертіс ауданында биылғы жылы 450-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталып, жолы кесілді. Дегенмен мұндай көрсеткіш заңға бағынбайтын "жүйріктерді" тоқтатпай отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
– Есте сақтаңыздар, жол – тәуекелге барудың алаңы емес. Мас күйінде рөлге отыру – жүргізушінің өз өміріне ғана емес, өзгелердің тағдырына да қатер төндіреді. Биыл Ертіс ауданының тәртіп сақшылары мас жүргізушілерге қатысты 18 деректі әшкереледі. Сонымен қатар 76 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 31 азамат көлік құралын құжатсыз басқарған, – деп атап өтті Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Нұрғиса Зупашев.
Мәселен, республикалық маңызы бар Атамекен кенті – Русская Поляна ауылы бағытындағы автожолда, Қарақұдық ауылының маңында учаскелік полиция инспекторы Volkswagen Passat көлігін тоқтатты. Әңгімелесу барысында жүргізуші өзін күмәнді ұстап, сұрақтарға анық жауап бере алмады.
– Іс-шарада аздап ішімдік ішіп едім, содан соң рөлге отыра салдым, – деп ағынан жарылды ол.
Медициналық сараптама нәтижесі жүргізушінің мас күйінде болғанын дәлелдеді. Іс сотқа жолданып, Ертіс аудандық сотының шешімімен ол 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары ескертеді: мас күйінде көлік басқару – қылмысқа тең әрекет. Мұндай жағдайда Сіз өз өміріңізді ғана емес, жолдағы барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қатерге тігесіз.