Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда ауқымды профилактикалық шара өтті

Түркістан облысында полиция 100-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң және тәртіп" қағидатын ілгерілету аясында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен құқықтық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында кең ауқымды "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Шараға ПД бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың жетекшілігімен жедел және аудандық полиция бөлімшелерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Полицейлер бір тәулік ішінде Қарабұлақ ауылындағы 4 мыңға жуық үй мен шаруа қожалықтарын тексерді. Нәтижесінде таңбаланбаған әрі құжатсыз жүрген 3 мыңнан астам мал анықталды.

Сонымен қатар рейд барысында 12 мал сою орны қаралып, оның бірінде ветеринариялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. Құжатсыз мал тасымалдаған 6 жүк көлігі ұсталып, арнайы тұраққа 60 бас мал жеткізілді. Қару сақтау ережелерін сақтамағаны үшін 10 қару иесі жауапкершілікке тартылды.

Көші-қон заңнамасын бұзған таяу шетелден келген 24 азамат анықталып, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған Қазақстанның 3 азаматына шара қолданылды.

Барлығы 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде:

қоғамдық орындарды ластаудың 8 фактісі;

қауіпсіздік белдігін тақпаған 17 жүргізуші;

тасымалдау ережесін бұзған 24 жүргізуші.

Үш көлік айыптұрағына қойылды.

Сонымен бірге полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мал ұрлығының, интернет-алаяқтықтың, экстремизмнің алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде 11 мыңға жуық ақпараттық жадынама таратты.

Құқық қорғаушылар мұндай профилактикалық шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру