Түркістан облысында полиция тұрғындарға 300-ге жуық ақпараттық жадынама таратты
Түркістан облысында полиция тәулігіне 160-тан астам жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік тәртібін арттыруға және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара өткізді.
Төлеби ауданындағы іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолдағы апаттылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Тұрғындарға жол қозғалысы ережелері мен киберқылмыстың алдын алуға арналған ескертпе бейнероликтерін көруге болатын QR-кодтары бар 300-ге жуық жадынама таратылды.
Сонымен қатар рейд кезінде 164 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде мас күйінде автокөлікті басқарған бір жүргізуші анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері дрондардың көмегімен қарсы жолаққа шығудың 4 фактісін тоқтатып, жүргізушілеріне қатысты әкімшілік шара қабылдады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың ішінде: жолаушыларды тасымалдаудың 29 жайты, жол белгілерінде белгіленген талаптарды сақтамаудың 20 жайты, автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланудың 17 фактісі және маневр жасау ережелерін бұзудың 16 дерегі, техникалық байқаудан өтпеудің 10 жайты және жаяу жүргіншілер тарапынан 28 ереже бұзу дерегін анықтады. Айыптұраққа 20-дан астам көлік қойылды.
Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін және маневр жасау ережелерін бұзбауға, қарсы жолаққа шықпауға және жолдарда қырағы болуға шақырады.