Павлодар тұрғыны интернеттегі жалған хабарламаға сеніп, алданып қалды
Павлодар тұрғыны интернеттегі жалған хабарламаға сеніп, алданып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының тергеушілері тағы бір алаяқтық ісін тексеріп жатыр. Қала тұрғыны әлеуметтік желіде өзін корпус жиһазын тапсырыс бойынша жасайтын шебер ретінде таныстырған ер адамға алданып қалған. Уәде еткен жұмыстарының бірде-бірін орындамаған "шебер"ақшаны алып, із-түзсіз жоғалып кеткен.
Маусым айында павлодарлық тұрғын интернеттен сапалы жұмыстардың фотосын көріп, жарнамаға сеніп, жиһазға тапсырыс берген. Үйіне келген адам өзін сыпайы ұстап, ұзақ уақыт өлшеу жүргізіп, заманауи технологиялар туралы әңгімелеп, келісімшартқа да қол қойған. Қала тұрғыны шеберге 470 600 теңге аударғанымен, кейін ол уәделерін орындамай, байланысқа шықпай кеткен.
– Уәделі жиһаз да жоқ, ақшам да қайтпады. Сол себепті полициядан көмек сұрауыма тура келді, – дейді жәбірленуші.
Қазіргі таңда алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция тұрғындарды ескертеді: интернетте тапсырыс арқылы жиһаз дайындауға жарнама көп. Иә, мұндай қызметтің ыңғайлы тұстары бар, кез келген дизайн мен материалды таңдауға болады. Дегенмен, алаяқтардың қармағына ілігіп қалмау үшін міндетті түрде ақпаратты тексеріп, пікірлерді оқыған жөн.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары тым арзан бағаға алданып қалмауға кеңес береді. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, уақыт оздырмай полицияға арыздануыңыз қажет.