Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді

Алматы облысында киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы киберқылмысты қоғам үшін ең өзекті қауіптердің біріне айналдырды. Осыған байланысты Алматы облысының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық пен өзге де киберортадағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындардан түскен шағымдардың басым бөлігі қаржылық алаяқтыққа қатысты. Соның ішінде жалған интернет-дүкендер құру, "тиімді инвестиция" туралы жалған жарнамалар, фишингтік хаттар тарату, сондай-ақ өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға тырысатын телефон қоңыраулары жиі кездеседі.

Азаматтардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары "Жастар рухы" жастар қанатының қолдауымен кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық акциялар Қапшағай су қоймасының жағалауында, ірі сауда үйлерінде және IT стартаптарға арналған аймақтық технопарк – Alatau Hub алаңында өтті. Шара барысында тұрғындар мен жастарға интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылды.

– Қазіргі таңда интернет біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда қолайлылықпен қатар ол жаңа қауіп-қатерлерді де алып келеді. Біздің міндетіміз – тек жасалған қылмыстарды тергеу ғана емес, сонымен бірге олардың алдын алу. Сондықтан азаматтарды сақ болуға, желідегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз, – деді Алматы облысы аолиция департаментінің өкілдері.

Киберқылмыстың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ. Жақын күндері оқу орындарымен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік акциялар мен онлайн-кампаниялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру