Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сұлулық пен ерлік үндестігі: БҚО-да "ҚАЖ аруы – 2025" байқауы өтті

БҚО-да "ҚАЖ аруы – 2025" байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ерекше шара – "ҚАЖ аруы – 2025" байқауы өтті. Бұл сайысқа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен пробация қызметінің үздік қызметкерлері қатысып, кәсіби шеберлік пен шығармашылық қабілеттерін паш етті.

Облыстық филармония сахнасында ұйымдастырылған байқау – сұлулықтың, интеллекттің және әйел ерік-жігерінің мерекесіне айналды. Қатысушылар өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп, бес кезеңнен тұратын сыннан өтті.

Алғашқы кезеңде арулар өздерін таныстырып, қызмет барысындағы жетістіктерін, өмірлік құндылықтары мен хоббиін ортаға салды. Екінші кезеңде – "Үздік атқыш" сайысында нәзік жандар қаруды меңгерудегі ептілік пен мергендігін дәлелдеді. Интеллектуалдық бөлімде заңнамалық білімдері мен логикалық ойлау қабілеті сынға түсті. Шығармашылық кезеңде қатысушылар ән айтып, би билеп, өлең оқып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында барлық қатысушылар бірігіп, патриотизм мен бірлікті паш еткен "Туған ел" әнін орындады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде иегері атанып, "Ару қыз – 2025" тәжін Қоныспаева Аружан иеленсе, вице-ару атағы Лукманова Әселге бұйырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "ҚАЖ Аруы – 2025" тек сұлулық байқауы емес, сонымен қатар қоғам мен заңға адал қызмет етіп жүрген әйел полицейлердің кәсіпқойлығы мен көшбасшылық қасиетін дәріптейтін маңызды оқиға болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру