“Қарасора – 2025” ЖПІШ: елордалық ПД-да жедел кеңес өтті
Астана қаласы полиция департаментінде “Қарасора – 2025” жедел-профилактикалық іс-шарасының екі айлық қорытындысы шығарылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінде департамент бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Орынбетовтың төрағалығымен “Қарасора – 2025” жедел-профилактикалық іс-шарасының өту барысына арналған жедел кеңес өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 1 маусымынан 31 қазанына дейін елордада кең ауқымды есірткіге қарсы іс-шара жүргізілуде. Оның негізгі міндеттері – жабайы және қолдан өсірілген сораны анықтап, жою, есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою, олардың таралуыны жол бермеу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы күрес саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.
Кеңес барысында іс-шара басталғалы екі ай ішінде 201 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелгені айтылды. Заңсыз айналымнан 300 келіден астам әртүрлі есірткі заты тәркіленді.
Сонымен қатар есірткі сату жөнінде ақпарат таратқан 302 интернет-ресурс бұғаттауға жолданды.
Профилактикалық жұмыс әкімшілік жанындағы ведомствоаралық штаб арқылы белсенді жүзеге асырылуда. Жазғы демалыс кезеңін ескере отырып, ерекше назар балалар мен жасөспірімдерге аударылды — мектеп жанындағы лагерьлерде дәрістер өткізіліп, есірткі жарнамасы бар жазбаларды бояу акциялары мен есірткіге қарсы флешмобтар ұйымдастырылуда.
Әкімшілікпен, мүдделі органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, іс-шара барысында 128 профилактикалық шара өткізілді.
Полиция азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады және есірткі қатеріне қарсы күрес – бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін еске салады.