"Қайрат" – "Селтик" матчы кезінде қоғамдық тәртіпті 2 мыңға жуық полицей қамтамасыз етеді
"Қайрат" – "Селтик" матчы кезінде қоғамдық тәртіпті 2 мыңға жуық полицей қамтамасыз етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі "Қайрат" (Алматы) пен "Селтик" (Глазго) футбол клубтары арасындағы маңызды ойын барысында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шамамен екі мың полиция қызметкері жұмылдырылады.
Көрермендер санының көп болуы күтілуіне байланысты полицияның біріккен күштері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Негізгі назар қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және көлік қозғалысын реттеуге аударылады.
Арнайы қызмет көліктерінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету және жолдағы кептелістердің алдын алу мақсатында Абай даңғылының Байтұрсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелері аралығындағы учаскесінде автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
Алматы қалалық полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын бұл ақпаратты жол жүру бағыттарын жоспарлау кезінде ескеруге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырады.