Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Павлодар ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар ауданында кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның тақырыптық отырысы ұйымдастырылды. Іс-шараға полиция, прокуратура, білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жыл басынан бері комиссия 24 материалды қарап, соның нәтижесінде балаларды тиісті деңгейде тәрбиелеумен айналыспаған 20 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бақылауға 8 отбасы алынды. Ата-ана құқығын шектеу бойынша 6 талап арыз жолданды, оның біреуі бойынша сот шешімі қабылданып, заңды күшіне енді.
Жаңа оқу жылындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселесін талқылау барысында білім бөліміне бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, оқушылармен профилактикалық жұмысты күшейту, барлық мектептерде ата-аналар жиналысын өткізу және онда "мектеп – үй" бағытының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу, сондай-ақ кешенді тәрбие жоспарын әзірлеу жүктелді.
Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен жүйелі жұмысты жалғастыру, жергілікті мектептермен, дәрігерлік амбулаториялармен және учаскелік полиция инспекторларымен өзара іс-қимылды нығайту ұсынылды.
– Комиссияның жұмысы тек отырыстармен, қараулармен немесе талқылаулармен шектелмейді. Әр сәрсенбіде ауданда мобильді топ рейдтік іс-шаралар өткізеді. Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ерекше назар аударуды қажет ететін отбасыларды дер кезінде анықтау. Барлық мәселелер нақты тапсырмалар мен бақылау мерзімдерімен бекітілді. Шешімдер бірауыздан қабылданып, күн тәртібіндегі барлық ұсыныстар қолдау тапты, – деді Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрлан Нұртаев.
Комиссияның басты міндеті – балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесі, қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғалуын кешенді түрде қамтамасыз ету.
– Халықтың үнін есту – құқықтық тәрбиенің маңызды көрсеткіші. Мұндай отырыстар жастардың және олардың ата-аналарының заңға деген көзқарасын түсінуге, қолдау мен түсіндіруді қажет ететін тұстарын анықтауға мүмкіндік береді. Балалар мен жасөспірімдерді жанды диалогқа тарту сенімді арттырып, профилактикалық жұмысты анағұрлым адами әрі тиімді етеді. Полиция бақылаушы емес, құқықтар мен бостандықтарды қорғауда серіктес ретінде әрекет етеді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.