Ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен астаналық тұрғын ұсталды
Астанада 51 жастағы әйел ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті ретінде қамауға алынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында Сарайшық аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері 51 жастағы әйелді алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті азаматтарға тұрғын үйді нарықтағы бағадан төмен бағада рәсімдеуге көмектесемін деп сендірген. Осы уәдені пайдаланып, ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, алдау арқылы олардың қаржысын иемденген. Қазіргі таңда келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 9 миллион теңгеден асады.
Құқық қорғау органдары жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің алаяқтықтың 60-қа жуық эпизодына қатысы бары анықталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға тұрғын үй сатып алу немесе өзге де ірі мәмілелер кезінде барынша сақ болуды ескертеді. Күмәнді ұсыныстарға алданып қалмау үшін полиция келесі кеңестерді ұсынады:
-
тек ресми тіркелген риэлторлық компаниялардың қызметіне жүгіну;
-
келісімшарттарды мұқият тексеру;
-
алдын ала ақша төлеуден бас тарту.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, сақтық танытып, мәмілелерді заң аясында рәсімдеу – қаржыңызды қорғаудың басты кепілі.