Ұстаздықтан халыққа қызмет етуге дейінгі жол
Астана қаласы полиция департаменті Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Дархан Рамазановтың еңбек жолы ұстаздықтан басталған. Бір кездері мектеп тақтасының алдында тұрып, оқушыларға физика заңдарын түсіндірген ол бүгінде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береді. Алайда мамандығы өзгергенімен, адамдармен тіл табыса білу қасиеті сол күйінде қалған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Дархан ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ата-анасы оның отбасылық дәстүрді жалғастырып, мұғалім болғанын қалаған. Ол педагогикалық білім алып, мектепте еңбек етіп те үлгерді. Кейін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери қызметін өтеп, ішкі істер органдарына қызметке келді.

Еңбек жолын патрульдік-бекеттік қызметтен бастаған ол кейін кәмелетке толмағандармен жұмыс істеп, баспасөз қызметінде және офицерлік лауазымдарда еңбек етті. Жиырма жылдан астам уақытты қамтитын қызметінде түрлі жағдайларды бастан өткеріп, полиция қызметкері үшін заңды білу ғана емес, адамды түсіне білу де маңызды екенін ұғынды.
Учаскелік инспектордың жұмыс күні саптық жиыннан басталады. Одан кейін Дархан азаматтардың өтініштері мен материалдарын қабылдап, өзіне бекітілген әкімшілік учаскеге шығады. Түскен арыз-шағымдарды тексереді, профилактикалық жұмыстар жүргізеді, есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жеріне барады, тұрғындармен кездесіп, қабылдау өткізеді.
Қызметінің басым бөлігі адамдармен тікелей қарым-қатынас жасауға байланысты. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, тыныштықты бұзу фактілері, түрлі шағымдар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу — учаскелік инспектордың күнделікті міндеті.
Дархан тұрғындармен үй чаттары арқылы да байланыста. Интернет-алаяқтықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігі мен мүліктің сақталуына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал кешкі және түнгі уақытта әріптестерімен бірге аумақты аралап, аулаларға, балалар және спорт алаңдарына назар аударады.
Полиция қызметкері жұмыстағы ең күрделі тұстардың бірі психологиялық жүктеме екенін айтады.
- Кейде адам бір мәселемен келеді, ал оның ар жағында тұтас бір отбасының тарихы тұрады. Сондықтан алдымен адамды тыңдап, жағдайды анықтап алу керек. Содан кейін ғана шешім қабылдаған жөн. Ең бастысы — сабыр сақтап, заң аясында әрекет ету, — дейді Дархан Рамазанов.
Қызмет жылдарында ол құқық бұзушылықтың алдын алуда кейде хаттама толтырудан гөрі, дұрыс жүргізілген әңгіме әлдеқайда тиімді болатынын түсінген. Уақытында байқалған мәселе, азаматтың сенімі және көмек сұрауға дайын болуы — учаскелік инспектор еңбегінің маңызды нәтижесі.
Полиция қызметкері өзінің басты жетістігі ретінде тұрғындардың сеніміне ие болуды санайды.
- Адамдар сенен көмек сұраудан қорықпай, өз мәселесін айтып, оларды тыңдап, қолдан келгенше көмектесуге тырысатыныңды білген кезде, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің, — дейді ол.
Бір кездері ата-анасы одан ұстаз көруді армандаған еді. Бәлкім, олар қателеспеген шығар. Өйткені бүгінгі қызметі де көп жағдайда адамға түсіндіруді, ескерту жасауды, дұрыс сөз табуды және дұрыс шешім қабылдауға бағыт беруді талап етеді.
Мектеп тақтасының орнын қызметтік кабинет, сабақтың орнын өмірдің шынайы жағдайлары басты. Ал басты сабақ өзгерген жоқ — адамдарға пайдалы болу.
