Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Алматыдағы мекемелердің жұмысын тексерді

Қазақстан Республикасы ІІМ ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев жуырда Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде болып, қаладағы мекемелердің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Н. Рыспаев №72 және №11 мекемелерге барып, ондағы жедел-режимдік жұмыстардың ұйымдастырылуына, сондай-ақ сотталғандар мен күдіктілерді ұстау жағдайына назар аударды.

№72 мекеме 2007 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ол республикадағы ірі мекемелердің бірі саналады. Іссапар барысында ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары мекемедегі фронт-офис, кезекші бөлім, онлайн-бейнепроцестер өтетін бөлмелер, кезекші және режимдік бөлімдер, қысқа мерзімді кездесулер өткізуге арналған бөлмелердің бейнекамералармен жабдықталуымен танысты.

Сондай-ақ ол биыл пайдалануға берілген №11 мекеменің жаңа ғимаратында болып, жазасын өтеп жатқан жасөспірімдерге жасалған қолайлы жағдайларды көрді.

Мұнда сотталған жасөспірімдердің білім алуына және спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мекеме ғимаратында арнайы спорт залы бар, ал аумақта шағын футбол алаңы жабдықталған. Сонымен қатар ҚАЖ мекемесінде білім алып жатқан жасөспірімдерге сабақ беретін №32 жалпы білім беретін мектептің мұғалімдерімен кездесіп, олардың білім беру бағытындағы жаңа бастамаларымен танысты.

Мекемелердің жұмысымен танысқаннан кейін ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Алматы қаласы бойынша ҚАЖД басшылығы және жеке құраммен кеңес өткізді. Жиында "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру, ҚАЖ қызметкерлерінің Әдеп кодексі талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Н.Рыспаев осы бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріп, қызметкерлермен пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру