Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алғашқы қоңырау – батыр есімімен: елорда мектебінде "Жас сақшы" сыныбы ашылды

Білім күні Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияға барып, жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиынға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ білім ордасындағы 6-сыныптардың біріне "Жас сақшы" сыныбы мәртебесін беру рәсіміне қатысты.

Енді бұл сыныптың оқушылары жалпы білім беретін мектеп бағдарламасымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметімен, қызметтік міндеттердің негізгі қағидаттарымен, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп талаптарымен танысатын болады.

Сыныпқа халық қаһарманы, милиция лейтенанты Әбдіғаппар Ділмановтың есімі берілді. Оның ерлікке толы өмір жолы мен елге деген адалдығы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің тағылымды үлгісіне айналмақ.

Оқушылармен кездесуде полиция полковнигі балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім жолында табыс тіледі. Әңгіме барысында тәртіп пен жауапкершілік, заңды құрметтеу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларының маңызына ерекше назар аударылды.

Білім күні "Жас сақшы" сыныбы мәртебесінің берілуі оқушылар үшін жаңа кезеңнің символдық бастауы болды. Алдағы уақытта олар полиция қызметінің қыр-сырымен танысып қана қоймай, арнайы сабақтар мен кездесулер арқылы қоғамға қызмет етудің мәнін, тәртіп пен жауапкершіліктің, батылдық пен отансүйгіштіктің маңызын түсінетін болады.

Алтыншы сынып оқушыларын жаңа білімге, тағылымды кездесулерге және қызықты жаңалықтарға толы оқу жылы күтіп тұр. Бәлкім, бүгінгі алғашқы қадам олардың болашақтағы кәсіби жолына бастайтын маңызды белеске айналар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру