Атырау облысында сотталғандар үшін мерекелік "Ашық есік күні" шарасы өтті
Атырау облысында ҚАЖ департаментінің №15 мекемесінде Конституция күніне орай "Ашық есік күні" шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Атырау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №15 мекемеде жазасын өтеушілер мен олардың туыстарына арналған "Ашық есік күні" мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға мекемеде жазасын өтеп жатқан 46 сотталған азамат, олардың 75 жақын туысы, мекеме қызметкерлері және қазақ эстрадасының танымал әншісі Жігер Ауыпбаев қатысты.
Мерекелік шара сотталған азаматтардың өз күшімен әзірлеген концерттік бағдарламасынан басталды. Бұдан кейін олардың туыстарына мекеменің ішкі тәртібі, тұрмыстық жағдайы, жатын орындары көрсетіліп, күнделікті тәртіппен таныстырылды.
Іс-шара Жігер Ауыпбаевтың арнайы концертімен жалғасын тапты. Шара соңында қатысушылар мен олардың туыстары мерекеге арнап тігілген киіз үйде дәм татып, әңгімелесіп, тілек білдіріп, ән шырқады.
Ашық есік күніне келген қонақтар мекеме әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, жылы әсер алып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.