Талдықорғанда екі тұрғын қайғылы жағдайдың алдын алып, бойжеткенді құтқарып қалды
Талдықорғанда екі тұрғын қайғылы жағдайдың алдын алып, бойжеткенді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында екі жергілікті тұрғын шынайы батылдық пен жанашырлық танытып, суицид әрекетінің алдын алды.
Куәгерлердің айтуынша, олар ғимараттың шатырында тұрған, өмірімен қош айтыспақ болған бойжеткенді байқап қалған. Жедел қызметтердің жетуін күтудің уақыты жоқ екенін түсінген азаматтардың бірі дереу шатырға көтеріліп, қызбен сөйлесіп, оны райынан қайтаруға көндірген. Кейін олар бірлесіп бойжеткенді қауіпсіз жерге түсіріп, бірінші қабатқа жеткізді. Осы сәтте оқиға орнына полиция, жедел жәрдем және төтенше жағдай қызметкерлері келді.
Көрсеткен ерлігі мен жоғары азаматтық жауапкершілігі үшін Асланбек Байбатчанов мен Қуаныш Рахымбекұлы Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының атынан алғыс грамоталарымен марапатталды.
Бұл оқиға – бүкіл қоғамға үлгі. Ол адам өмірінің баға жетпес құндылық екенін және қарапайым азаматтардың батылдығы мен жанашырлығы талай тағдырды сақтап қала алатынын дәлелдейді.