Жаңа оқу жылы: ШҚО-да полицейлер мектептердегі салтанатты жиындарға қатысты
Шығыс Қазақстан облысының барлық мектебінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтті. Мерекелік шараға ұстаздар мен ата-аналар және полиция қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылар мен мұғалімдерді мерекемен құттықтап қана қоймай, жолда, үйде және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік жайлы еске салып, кәмелетке толмағандарға қойылған талаптарды тағы бір мәрте түсіндірді.
- Бұл күн – білімге деген ұмтылысты білдіретін, жаңа жетістіктерге жол ашатын ерекше мереке. Сонымен қатар балаларға тағы да ескерткім келеді: жолды тек жаяу жүргінші өткелінен кесіп өтіңіздер, үйде бейтаныс адамдарға есік ашпаңыздар, интернетте қарым-қатынас жасағанда сақ болыңыздар. Осы қарапайым ережелерді сақтау әрқайсыңыздың өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды қорғауға көмектеседі, – деді ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов.
Сонымен бірге бірқатар мектепте жас жол сақшылары оқушыларға жолдағы қауіпсіздік қағидалары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оқу орындарының маңында қоғамдық тәртіпті патрульдік полиция жасағы қамтамасыз етті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Білім күні ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілген жоқ.