Абай облысында жол апаттарының алдын алу мақсатында ерекше шаралар енгізілуде
Абай облысында жол апаттарының алдын алу мақсатында ерекше шаралар енгізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдегі апаттық қауіпті учаскелерде, соның ішінде Омбы – Майқапшағай автожолында, жолды жасанды тарылту әдісі қолданылуда. Бұл шара жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, жолға барынша мұқият қарауға мәжбүрлейді. Нәтижесінде қауіпті аймақтардан өту әлдеқайда қауіпсіз бола түседі.
Аталған бастама ең алдымен жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғатын жасырын факторлардың бірі – жүргізушілердің ұйықтап кетуі мен шаршауының алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар жол-патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер өткізуде. Полицейлер олардың көңіл-күйін, денсаулығын сұрап, уақытылы демалудың және жол жүру ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Мұндай диалог шаршаудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қабылданып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, өңір жолдарында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.