Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полицейлер студенттерге заңдағы жаңа өзгерістерді түсіндірді

Қостанайда полицейлер студенттерге заңдағы жаңа өзгерістерді түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде заңнамадағы жаңашылдықтарды түсіндіруге арналған интерактивті іс-шара өтті. Студенттермен кездесу Қостанай қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернур Алтаевтың қатысуымен ашық диалог форматында ұйымдастырылды.

Кездесуге-2025 жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енген, қоғамдық орындарда бетті толық жауып тұратын киімдерді киюге тыйым салу туралы заңнамадағы өзгерістер себеп болды.

- Бүгін біз тек мемлекеттік емес, жеке қауіпсіздік туралы да сөз қозғаймыз. Бұл заң азаматтардың құқықтарын шектеу үшін емес, қоғамның қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қабылданды. Діни элементтерге тыйым салу жайлы емес, қоғамдық орындарда жеке тұлғаны жасыруға жол бермеу туралы екенін түсіну маңызды, - деп атап өтті Ернұр Алтаев.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бет-әлпетті толық жауып, тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киім түрлері, оның ішінде:никаб, балаклава, бетперде және бейнебақылау жүйесі арқылы да тануға кедергі келтіретін басқа да заттар киюге тыйым салынады.

- Біз бұл шаралар азаматтардың, оның ішінде діни сенім бостандығына құқығын шектемейтінін ерекше атап өткіміз келеді. Қоғамдық орындарда адамның жүзі ашық болуы — қауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі, – деді полиция қызметкері.

Бұл талаптар келесі жағдайларға қолданылмайды: медициналық көрсеткіштер бойынша; ауа райына байланысты (суық, шаңды дауыл және т.б.); қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау кезінде; мәдени, спорттық немесе көпшілік іс-шараларға қатысу барысында; ҚР заңдарына сәйкес әрекет ету кезінде. Сондай-ақ хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді жүзді жаппайтын діни киімдер бұл тыйымға жатпайтыны атап өтілді.

- Діни киімді бетті толық жабатын элементтерден ажырата білу маңызды. Түсініспеушіліктер мен шиеленістердің алдын алу үшін жастарға заңның нақты шектерін түсіндіруге тырысамыз, – деп атап өтті Ернур Алтаев.

Кездесу еркін форматта өтті, студенттер өз сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісіп, заңда рұқсат етілетін және тыйым салынған жағдайлар жайлы толық ақпарат алды.

- Осындай кездесулер әсіресе біз, студенттер үшін маңызды. Біз ақпаратты желіден емес, ресми органдардан, яғни тікелей дереккөзден аламыз. Бұл полицияға деген сенімді арттырады және заңды жақсы түсінуге көмектеседі, – деп өз ойымен бөлісті студенттердің бірі.

Іс-шараны ұйымдастырушылар осындай кездесулердің басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру