Жетісуда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік тәжірибе өткізілді
Жетісуда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік тәжірибе өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Жетісу облысында республикалық "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы өтіп жатыр.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамда мейірімділік пен сыйластықты нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру.
Акция аясында ерекше әлеуметтік тәжірибе ұйымдастырылды. Оның мәні – қоғамдық орында әйелге қысым көрсету жағдайын имитациялау арқылы тұрғындардың әрекетін бақылау болды.
Бұл тәжірибенің мақсаты – қоғам назарын тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына аудару және адамдарды бейжай қалмауға шақыру.
Қуантары, тәжірибе барысында бейжай қалмаған тұрғындар табылды. Бірқатар азаматтар "қойылымды" көре сала араша түсіп, әйелді қорғауға ұмтылды. Кейбірі жағдайды тоқтатуға тікелей араласса, енді біреулері дереу полиция шақыру қажеттігін айтты.
Мұндай әрекеттер қоғамда адамгершілік пен жауапкершілік сезімінің бар екенін, зорлық-зомбылыққа төзбеушіліктің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Жетісу облысы полиция департаменті мұндай әлеуметтік тәжірибелер халық арасында зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастырудың және қоғамды бірлесіп әрекет етуге үйретудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін атап өтті.