Атыраудағы жедел басқару орталығы – қоғамдық қауіпсіздіктің цифрлық қалқаны
Атыраудағы жедел басқару орталығы заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді қалқанына айналды. "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтап, патрульдік полицияға жедел ақпарат беруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметінің тиімділігін арттыруда жедел басқару орталығының маңызы зор. Бұл орталық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, учаскелік инспекторлардың жұмысын жеңілдетуге және өңірдегі қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп отыр.
"Заң мен тәртіп" қағидатын басшылыққа алған Атырау облысының жедел басқару орталығы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолдануда. Қала аумағында орнатылған 8 600-ден астам бейнебақылау камерасының көмегімен жыл басынан бері 16 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, "102" арнасына 45 мыңнан астам хабарлама қабылданды.
Орталықтағы жұмыс "102" нөміріне түскен қоңыраудан басталады. Оператор шағымды қабылдап, деректерді жүйеге енгізген соң, ақпарат тиісті бөлімшелерге жолданады:
-
жол-көлік оқиғасы – жол полициясына,
-
отбасындағы зорлық-зомбылық – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліміне,
-
ұрлық – жедел-тергеу тобына,
-
көші-қон режимін бұзу – көші-қон қызметіне.
Мәселен, орталық қызметкерлері Қаныш Сәтпаев пен Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысында Hyundai Elantra автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағанын анықтады. Бұл дерек бойынша патрульдік полицияға жедел бағыттама беріліп, жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Жедел басқару орталығы бүгінде қалалық қауіпсіздіктің сенімді тірегіне айналды. Әсіресе "Учаске" іс-шарасы кезінде мектептер, базарлар және көпқабатты үйлердің кіреберістері сияқты халық көп шоғырланатын орындар бірыңғай цифрлық бақылаумен қамтылуда. Бейнебақылау жүйесінің арқасында құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, патрульдік полицияға жедел бағыттама беріледі. Бұл өз кезегінде учаскелік инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға зор мүмкіндік туғызып отыр.