Атырауда жас балуандар арасында еркін күрестен турнир өтті
Атырауда Қабдыраш Биғамбаевты еске алуға арналған жас балуандар арасында еркін күрестен турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері, Ішкі істер министрлігінің ардагері Қабдыраш Биғамбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық еркін күрес турнирі өтті.

Турнирге Ресей Федерациясынан, Дағыстан, Шешенстан, Татарстан республикаларынан және Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 280 жас балуан қатысты. Жарыс бозкілем шеберлерінің басын қосып қана қоймай, өскелең ұрпаққа батыр ардагердің ерлігі мен елге сіңірген еңбегін үлгі етуге бағытталды.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының жауынгері Қабдыраш Биғамбаев 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 13-атқыштар дивизиясының 365, 92 және 742-атқыштар полктерінде бөлімше командирі қызметін атқарған.

1959 жылдан бастап облыстық ішкі істер органдарында түрлі жауапты лауазымдарда еңбек етті. Ол қоғамдық тәртіпті қорғау басқармасында, қылмыстық іздестіру бөлімінде және қалалық ішкі істер бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Кейін облыстық фельдъегерлік қызмет бөлімін 12 жыл бойы басқарған.
