Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа ғасырдың Қажымұқаны: әлем чемпионы Ұлттық ұлан сапында қызмет етуде

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарында гір көтеру спортынан үш дүркін әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев әскери борышын өтеп жүр. Ол Алматы қаласында орналасқан Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген 5571 әскери бөлімінде қызмет атқаруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан өңірінің тумасы, қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев – гір көтеру спортынан үш мәрте әлем және Азия чемпионы, он дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері. Бала кезінен даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлігіне тәнті болған ол спорт алаңында шынығып, табандылығы мен жігерін енді әскер қатарында шыңдап келеді.

Әскери бөлімге келген сәттен бастап Еркебұланды қарулас жолдастары ыстық ықыласпен қарсы алып, оның қайсар рухы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығына құрметпен Қажымұқан деп атап кеткен. Жауынгер бос уақытында да жаттығуларын үзбей жалғастырады, себебі күш-қуат пен шымырлық үнемі еңбекті қажет етеді. Сол табандылықпен ол қоғамдық тәртіпті күзетіп, қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

- Ұлттық ұландағы қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімділіктің мектебі. Бұл спорттағы шыңдалумен үндес. Жастарға әскерге барудан қорықпауға, спортпен шұғылдануға үлгі болғым келеді, – дейді Еркебұлан Келдібаев.

Алдағы жоспары – халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның туын әлем аренасында биікте желбірету. Әскери бөлім басшылығы оған әскери қызмет пен кәсіби спортты ұштастыруға толық мүмкіндік беріп отыр.

Ұлттық ұлан әрдайым халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген жауынгерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Соның жарқын мысалы – қатардағы Еркебұлан Келдібаев. Ол спорт, әскери қызмет пен отансүйгіштіктің үйлесімді түрде қатар өркендей алатынын дәлелдеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру