Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Опера әншісі Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеуде

Павлодарда опера әншісі Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар арасында өнерлі жастар да бар. Солардың бірі — Петропавл қаласынан әскерге шақырылған қатардағы жауынгер Алдияр Нұртазин.

Алдияр бала кезінен классикалық музыкаға қызығып, 2016 жылы музыкалық мектептің академиялық вокал бөліміне оқуға түсіп, өнер жолындағы алғашқы қадамын жасады. Оқушы кезінен-ақ ария орындауға машықтанған ол республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Музыка сарапшылары оның дауысын лирикалық баритон ретінде ерекше атап өтеді.

Мектепті тәмамдаған соң Алдияр Петропавл қаласындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне түсіп, академиялық вокал және музыкалық педагогика бағытында білім алды. Осы жылдары оның опера өнеріне деген қызығушылығы артып, кәсіби шеберлігі шыңдала түсті.

2023 жылы халықаралық жастар арасындағы опера байқауында "Бухенвальдский дабылы" шығармасын орындап, бас жүлдені иеленуі — жас өнерпаздың үлкен жетістігі. Оның айтуынша, сахнаға алғаш рет төрт жасында шыққан. Өнерге деген сүйіспеншілігі отбасынан дарыған.

— Маған әйгілі баритон Юрий Мазуроктың орындауындағы "Ариозо Мизгиря" шығармасы мен көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың "Абай" операсындағы партиясы ерекше әсер қалдырды. Ер азамат ретінде Отан алдындағы борышымды өтеп, кейін шығармашылық жолда биік белестерді бағындыруды мақсат етемін. Әскер мені шыдамдылыққа, тәртіпке және батылдыққа тәрбиеледі. Бұл — өнер адамына да аса қажет қасиеттер, — дейді сарбаз.

Өнермен қатар Алдияр спортта да табысты жетістіктерге жеткен. Ол алты жасынан бастап каратэмен айналысып, киокушинкай бағыты бойынша Солтүстік Қазақстан облысының құрамасына енген. Әскерге дейін қоңыр жолағы бар жасыл белбеу иегері атанған.

Қазіргі уақытта ол әскери қызметін абыроймен атқарып, Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Айта кету керек, жас опера әншісі әскерден кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, кәсіби білімін одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру