Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Павлодар облысында жыл басынан бері 76 қылмыс отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тіркелді. Полицейлер агрессорларға қарсы қатаң шара қолданып қана қоймай, психологиялық көмек тетіктерін де енгізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс тақырыбы талқыланды.

Павлодар облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің аға инспекторы Индира Джусупованың айтуынша, биыл өңірде 76 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 42 дерек әйелдерге, ал 11 дерек кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. Зорлық-зомбылыққа итермелейтін негізгі себептер – алкогольді шамадан тыс пайдалану, қызғаныш пен әлеуметтік қанағаттанбаушылық негізінде туындайтын жанжалдар.

Жыл басынан бері тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзған 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3252 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның 194-ін бұзғандар жазаланған. Сонымен бірге 755 ерекше талап қойылды, олардың басым бөлігі – алкогольді ішімдікке тыйым салу. Бұл талапты елемеген 672 азаматқа қатысты шара қабылданды.

Сәуір айынан бастап агрессорларға психологиялық көмек көрсету тәжірибеге енгізілді. Сот шешімімен 20 адамға міндетті психологиялық қолдау алу жүктелді.

Психологиялық тұрғыдан күйзеліске түскен жәбірленушілер көп жағдайда зорлық-зомбылықты жариялаудан қорқады. Себебі олар агрессорға тәуелді, әлеуметтік жағдайының өзгеруінен, баспанасы мен жұмыс орнынан айырылып қалудан қауіптенеді немесе қоғам мен туыстарының айыптауынан сескенеді. Мұндай осалдықты агрессорлар өз мүдделеріне пайдаланады.

Полиция әйелдерді зорлық-зомбылықты жасырып қалмай, құқық қорғау органдарына немесе қолдау орталықтарына жүгінуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру