Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Алматыда полиция күшейтілген режимге көшті

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жайттарын тоқтату, жолын кесу мақсатында 15-30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған және оған барлық мүдделі мемлекеттік орган тартылады.

- Ерекше назар көлік құралын мас күйде басқаруға, жылдамдық режимін сақтауға, басып озу, қарсы қозғалыс, маневр жасау, жол айрықтары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, жолаушылар мен ауыр жүк тасымалдау, қоғамдық көлік жүргізушілерінің рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтуі, қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған ұстау құрылғыларын қолдану тәртібін сақтауға аударылады. Жұмыс жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ол үшін көліктік бақылау және мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, қалалық және қалааралық заңсыз тасымалдарды тоқтату, рұқсатсыз автовокзалдар мен жолаушыларды жинау орындарын – базарлар, вокзал маңы алаңдары және т.б. жою бойынша шаралар қабылданатын болады, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Кұлбаев.

Сондай-ақ департаментте атап өткендей, іс-шара барысында жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті учаскелер мен жөндеу-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аймақтар қосымша тексеріледі. Сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жүргізіліп жатқан орындарды бағыттаушы және қоршау құралдарымен, жарықдиодты жол белгілерімен белгілеу шаралары қабылданатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру