Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер заңсыз қоқыс тасымалдаған 70 көлікті ұстады

Атырау облысында тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүргізілген "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы мен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының нәтижесінде 6 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Полицейлер заңсыз қоқыс тасымалдаған жүк көліктері мен белгіленбеген жерге лас су төккен жүргізушілерді де анықтап, тиісті шара қолданды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елімізде өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы мен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Атырау облысында тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Іс-шара басталғалы бері өңірде 300-ден астам экологиялық құқық бұзушылық анықталды. Ал "Таза Қазақстан" акциясының нәтижесінде 6 мыңнан астам заңбұзушылық дерегі тіркелген. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін 3189 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалалар мен ауылдардағы абаттандыру ережелерін бұзған 2965 тұрғынға қатысты хаттама толтырылды.

Экологиялық талаптарды өрескел бұзу деректері де назардан тыс қалған жоқ. Заңсыз қоқыс тасымалдаған 70 жүк көлігіне шара қолданылып, белгіленбеген орындарға лас су төккен 96 вакуум көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды.

Полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын табиғатты қорғауға, тазалық сақтау талаптарын қатаң орындауға және экологиялық құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру