Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция 2 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті

"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ аясында Түркістан облысында полиция 2 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы аумағында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Мақсат – құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу, профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексеру, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау фактілерін анықтау, қылмыстардың жолын кесу және ашу. Іс-шара барысында полицейлер 69 қылмыстың "ізін суытпай" ашты. Қару-жарақ пен есірткі заттарын заңсыз сақтауға байланысты 12 деректің жолын кесті. 2286 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуының 296 жағдайы тіркелді.

Сондай-ақ алкоголь өнімін өткізу ережелерін бұзғаны үшін 24 адам жауапқа тартылды. Тәртіп сақшылары рейд кезінде мас күйінде автокөлік басқарған 22 жүргізуші мен қарсы жолаққа шығудың 18 фактісін анықтады. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін мыңнан астам жаяу жүргіншіге шара көрілді. Сондай-ақ 264 көші-қон заңнамасын бұзушы анықталып, оның ішінде 75 шетелдік сот шешімі бойынша елден шығарылды.

Сонымен қатар полицейлер қоғамдық орындарда, көшелерде, оқу орындарының жанында және адамдар көп жиналатын жерлерде интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ жол бойында арнайы ескерту белгілері мен билбордтар орнатылып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы бейнероликтерге өткізетін QR-кодтары бар жадынамалар таратылды. Өз кезегінде полиция барлық азаматты қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру