Павлодарда есірткі таратумен айналысқан екі күдікті ұсталды
Павлодарда ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен екі қыз ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында полицейлер Жетісу облысының екі тұрғынын қолға түсірді. Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелту, сату мақсатында дайындау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жедел уәкілдерге 24 және 25 жастағы әйелдердің есірткі айналымына қатыстылығы туралы мәлімет түскен. Тінту барысында олардың жанынан жасырып кету тәсілімен таратуға дайын орамдар табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесі күдіктілердің аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтағанын растады.
– Ұсталғандар өз кінәсін жасырмай, алдын ала оралған және таратылуға дайын есірткіні сатып алғандарын мойындады. Олардың міндетіне Павлодар қаласында жасыруға арналған орындарды таңдап, координаттарын кураторға жеткізу кірген, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр.