Алматы облысында жол қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Алматы облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері "Қауіпсіз жол" профилактикалық іс-шарасын жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушыларды жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адамдардың өмірін сақтау. Негізгі назар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына аударылуда. Патрульдер апатты-қауіпті учаскелерде бақылауды күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тағудың, балаларға арналған арнайы құрылғыларды пайдаланудың және мас күйінде көлік жүргізуге жол бермеудің маңыздылығын еске салады.
Екі күн ішінде полиция қызметкерлері 350-ден астам құқық бұзушылықты тоқтатты. Оның ішінде екі жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, алты жағдайда жүргізушілер қарсы жолаққа шыққан, төрт көлік мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген. Сонымен қатар 60-тан астам жаяу жүргінші жолды белгіленбеген жерден өткені үшін жауапкершілікке тартылды.
– Бұл акцияның мақсаты – әрбір жол қозғалысына қатысушы өз жауапкершілігін түсінуі. "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы қатаң жазалауға емес, ең алдымен алдын алуға және адамдардың өмірін қорғауға бағытталған, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.