"Учаске" ЖПІШ: полиция азаматтарды құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады
Астанада "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, қылмыстың алдын алуға және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
Іс-шара басталғалы бері полицейлер 8 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзу, пробациялық бақылау талаптарын сақтамау, сондай-ақ тұрмыстық жанжалдар, абаттандыру ережелерін бұзу, ұсақ бұзақылық және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бар.
Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, іс-шара кезеңінде елордада қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге қатысты 580-нен астам дерек тіркелді. Барлық құқық бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті және адамдар көп жиналатын орындардағы мінез-құлық нормаларын сақтауға шақырады.