Ерлік – ұрпаққа үлгі: Ақтөбе облысында “Жас сақшы” сыныбы ашылды
18 қыркүйекте Хромтау ауданындағы Тасөткел орта мектебінде “Жас сақшы” полиция сыныбының тұсауы кесілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл сынып осы мектептің үздік түлегі, әрі қайсарлық пен антына адалдықтың айқын үлгісі болған полиция капитаны Қымбатқазы Оразалиннің құрметіне ашылды.
Хромтау ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қ.Оразалин ІІО саласында 16 жылға жуық абыройлы қызмет етіп, 2009 жылдың жазында қызмет өткеру барысында қоғамдық орында мас күйде құқық бұзған қылмыскерлермен жалғыз алысып, жанкештілікпен қаза тапқан болатын. Қылмыскерлер ізіне түскен тәртіп сақшысын жауырынынан суық қарумен жараласа да, оларды қолға түсірмейінше қыр-соңынан қалмайтынына көз жеткізгеннен кейін, қансыраған полицейдің жүрек тұсына пышақ сұққан.
Батылдығы мен жанқиярлығы, ел мүддесін қорғауда жасаған ерлігі үшін, қайтыс болғаннан кейін полиция капитаны Қымбатқазы Оразалин 2-дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.
Ерлік – ешқашан ұмытылмайды Батыр-полицейдің ерлігі мен жанқиярлығын айшықтау және жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен патриоттық сыныптың ашылу салтанатына Ақтөбе облысы ПД, Хромтау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері, ІІО ардагерлері, батырдың жары, баласы мен достары қатысты.
Тасөткел орта мектебінің 7-сыныбының 15 оқушысы тәжірибелі тәртіп сақшыларының алдында ерекше қуанышпен, әрі толқыныспен ант беріп, Қымбатқазы Оразалин атындағы “Жас сақшы” сыныбына ресми түрде қабылданды.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысы ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Артур Абдрешов: “Ақырғы демі қалғанша антына адал болған Қымбатқазы Мұхамбетқазыұлының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ел үшін жанын қиған еріміздің есімін ұлықтау және үлгі ету мақсатында бүгін ашылып отырған полицейлік кластың өрендері болашақта еліне адал қызмет ететін азаматтар боларына сеніміміз мол” - деп, ерекше толқыныста болған батырдың отбасына қолдау мен алғыс сөздерін арнады.
Хромтау ауданы ПБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ержүрек тәртіп сақшысының қызметтесі Нұран Есентаев қайсар әріптесі туралы естеліктерімен бөліссе, мектепте бірге оқыған достары оның алғыр, әрі оқуда озат болғанын үлгі етті.
Батырдың жары Амина Қалағанова заманауи жабдықталған полицейлік кластың тұсауын кесіп, жас сақшыларға ақ жол мен жарқын болашақ тіледі.
Сонымен қатар шарада полиция бөлімі мен мектеп басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы бірлескен жұмыстың бағытын айқындады.