Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында полицейлер мал ұрлығына күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады

Ақтөбе облысында полицейлер мал ұрлығына күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Заттай дәлелдермен ұстау Мартөк ауданы аумағындағы орман алқабында жүзеге асырылды. Күдіктілердің бірі ұрланған жылқының етін сол жерде бөліп жатқан сәтінде қолға түсті.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде анықталғандай, күдіктілердің бірі жайылымда жүрген жылқыны орман алқабына қарай айдап апарып, сол жерде сойған. Ал екінші күдікті делдал рөлін атқарып, етті алып кетіп, қала базарларының бірінде сатуды жоспарлаған.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері жылқының сойылған еті мен күдіктілер пайдаланған көлік құралдарын — мотоцикл мен жол талғамайтын автокөлікті тәркіледі.

Аталған факті бойынша қазіргі уақытта мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмау, қажетті сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар күдікті әрекеттер байқалған жағдайда азаматтарды ішкі істер органдарына жедел хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру