Түркістан облысында полицейлер 150-ге жуық оқушыға есірткінің қауіптілігін түсіндірді
Түркістан облысында полицейлер 150-ге жуық оқушыға есірткінің қауіптілігін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Түркістан облысының Мақтаарал ауданында профилактикалық кездесу өтті.
"Есірткісіз болашақ – жарқын келешек кепілі" тақырыбындағы шараға аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев пен нарколог дәрігер Ержігіт Ибрагимов қатысты. Олар №58 және Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептердің 150-ге жуық оқушысымен кездесті.
Кездесу барысында полиция бөлімінің бастығы есірткі заттарын сақтау, тарату және тұтыну үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді. Сондай-ақ есірткі қылмысының қоғамға және жас ұрпақтың болашағына төндіретін қауіпіне тоқталды.
Ал нарколог дәрігер синтетикалық есірткінің адам ағзасына, әсіресе жасөспірімдердің денсаулығы мен психикасына тигізетін зияны туралы жан-жақты мәлімет берді.
Шара соңында оқушыларға зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.
Түркістан облысында полицейлері өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
