“Тіс дәрігері болғым келген”: сотталғанның ащы өкініші
Есірткі қылмысы үшін сотталған 23 жастағы жігіт бостандықтан айырылғанына қатты өкінетінін айтты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол өзінің қателіктерін мойындап, неге мұндай жолға түскенін әңгімелеп берді.
Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген ол Семей қаласында өсіп, тіс дәрігері мамандығын меңгеруді бастаған екен. Балалық арманы – адамдарға пайдасын тигізіп, олардың денсаулығына қарау болған еді.
— Өмірімді есірткімен байланыстырдым. Шамамен екі жылдай қолдандым. Соның салдары, міне — қазіргі жағдайым. Ұстау кезінде менен есірткі табылды, — дейді ол.
Жас жігіт бүгінгі күйін ешкімнің басына бермесін деп тілейді. Оның айтуынша, есірткіге жақындаған адамның соңы бәрібір қайғымен аяқталады.
— Есірткіге тәуелді болу – ортаңнан емес, өз мінезіңнен шығады. Ешкімді тыңдамадым, өзімді бәрінен ақылды санадым. Қазір менің қатарластарым диплом алып жатыр, ал мен олардың қатарында жоқпын. Бұл – өте ауыр, — дейді ол қынжылып.
Жастық шақтағы алаңсыз қуаныштарын ойланбай жасаған әрекеттері мен азғырудың кесірінен жоғалтқанын сотталған азамат ащы өкінішпен жеткізді.