Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада жастарды есірткі қатерінен қорғауға бағытталған айлық басталды

Елордада жастарды есірткі қатерінен қорғауға бағытталған айлық басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада прокуратураның үйлестіруімен полиция жүзеге асырып жатқан есірткі қылмыстарына қарсы 30 күндік кешенді іс-шаралар жалғасуда. Басты мақсат – алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жастар мен түрлі әлеуметтік топтарға есірткі айналымына тартылудың қаупі жөнінде жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ қоғамда есірткіге мүлде төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.

Қала әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен елордалық мектептер мен колледждерде оқушылармен кездесулер ұйымдастырылуда. Оларға полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, психологтар және наркологтар қатысып, есірткінің денсаулыққа зияны, жастарды тыйым салынған заттарды таратуға тартудың жаңа тәсілдері және мұндай әрекеттер үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен түсіндіріп берді. Бірқатар кездесулерге танымал медиа тұлғалар да атсалысып, жастарды белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Бұл мемлекет пен қоғамның ортақ күш-жігерінің маңыздылығын көрсетеді.

Айлық аясында елорданың жүзден аса білім беру мекемесі қамтылып, шамамен 4 мың оқушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ғана емес, қалалық ортадағы есірткі жарнамасын жоюға да ерекше назар аударылуда. "Астана Жастары" жастар ресурстық орталығы полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, рейдтер өткізіп, есрткі граффити іздерін анықтап, оларды бояу жұмыстарын атқаруда.

Мұндай кешенді шаралар профилактиканың бір реттік акция емес, жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс екендігін айғақтайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру