ШҚО-да 2 мыңнан астам студентке интернет-алаяқтықтан қорғану жолы айтылды
Шығыс Қазақстан облысының үш жоғары оқу орнында қаржылық сауаттылық пен киберқауіпсіздік бойынша оқыту семинарлары өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәрістерді барлық курс студенттеріне ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "ЕДБ" өкілдерімен және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандарымен бірлесіп өткізді. Жалпы іс-шараға 2 мыңнан астам студент қатысты.
Кездесулердің негізгі тақырыбы – интернет-алаяқтықтың алдын алу болды. Бұл қылмыс әлі де желідегі ең кең тараған қауіптердің бірі болып отыр. ШҚО ПД КҚІҚБ аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек жастар жиі алданатын алаяқтық тәсілдері туралы баяндады.
- Көбіне азаматтар жалған интернет-дүкендерге, жұмысқа орналастыру туралы өтірік хабарландыруларға және жасанды инвестициялық платформаларға алданып қалады. Қазіргі уақытта алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде белсенді әрекет етуде. Сол себепті біз студенттерге өздері ғана емес, ата-аналары мен жасы үлкен жақындарына да күмәнді ақпаратты қалай тексеру керегін және бейтаныс адамдарға ақша аудармауды түсіндіруді ұсынамыз, – деп атап өтті Нұрай Арыстанбек.
Семинар барысында қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Ол дропперлікке, өз банк картасы мен шоттарын заңсыз жолмен алынған қаражатты аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға беру әрекетіне қатысты болды. Енді мұндай әрекеттер қылмысқа қатысушылық ретінде қаралып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
- Өзінің шот деректемелерін үшінші тұлғаларға берген азамат қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналады. Заң мұндай іс-әрекеттер үшін қатаң жаза қарастырған – тіпті бас бостандығынан айыруға дейін. Маңыздысы – "болмашы қызмет” үлкен жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіну, – деді полиция қызметкері.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай дәрістер алдағы уақытта да жалғасып, студенттердің қаржылық мәдениетін арттыруға және өңірде кибералаяқтардың құрбандарының санын азайтуға ықпал етеді.