ШҚО-да полиция мен жастар есірткі жарнамасына қарсы бірікті
ШҚО-да полиция мен жастар есірткі жарнамасына қарсы бірікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласының белсенді жастарымен бірге көшелерге шығып, қолдарына қылқалам, бояу баллондарын алып, заңсыз жазулар мен есірткі жарнамасы бар граффитилерді бояды.
Жыл басынан бері полицейлер мен волонтерлер 450-ден астам граффити мен QR-кодты жойып, бояған. Сонымен қатар полиция қызметкерлері интернетте жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр: есірткі жарнамасы мен курьер ретінде жұмыс ұсынатын 9 200-ге жуық сайт пен сілтемелерді бұғаттауға жолданды.
- Жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – профилактика. Өскелең ұрпақтың есірткінің қаупін түсініп, осы қатерден қорғауға белсене атсалысуы маңызды, - деді ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Даулет Жұмадилов.
Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға шақырды. Есірткі жарнамасы жайлы деректерді "10" нөміріне немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы сурет қоса отырып хабарлауға болады. Әрбір хабарлама қала мен интернет кеңістігін қауіпсіз етуге көмектеседі.