Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ академияларында киберқауіпсіздікке арналған оқу-практикалық іс-шаралар ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында "КиберБот" жобасы аясында өткен іс-шаралар жастарды киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартуға, цифрлық және құқықтық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ қоғамда қауіпсіз интернет мәдениетін қалыптастыруға бағытталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында "КиберБот" жобасы аясында киберволонтерлер арасында оқу-практикалық жарыс өтті. Шара қатысушылардың киберқылмысқа қарсы іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге, цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Бағдарлама аясында талдамалық және зерттеу модульдері ұсынылып, жастардың тәжірибелік машықтарын дамытуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар Алматы академиясының курсанттары киберқауіпсіздік саласындағы жетекші мамандарды жинаған KazHackStan 2025 халықаралық конференциясына қатысты. Алматыда өтіп жатқан бұл беделді шараның алғашқы күні ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік және корпоративтік саясат мәселелеріне арналды. Курсанттар деректердің таралуы мен осалдықтарға байланысты нақты қатерлер туралы, сондай-ақ киберқорғауды қамтамасыз етудегі білікті кадрлардың рөлі жөнінде құнды мәліметтер алды.

Ал Қостанай академиясында жастарды киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге тарту, волонтерлік бастамаларды дамыту, азаматтардың цифрлық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған "КиберБот" жобасының қорытынды іс-шарасы өтті. Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, атап айтқанда Қостанай облысы ПД КҚБ жедел уәкілі Т.Толегенов, Қостанай қаласы ПБ ОПБ КПБ жедел уәкілі С Хамитов қатысты.

"КиберБот" жобасы жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, волонтерлік қозғалысты қолдауға және қоғамда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру