Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция қызметкерлері жастарды заңды құрметтеуге және тәртіп сақтауға шақырды

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері жастарды заңды құрметтеуге және тәртіп сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодардағы Электроника және коммуникация жоғары колледжінде өткен қауіпсіздік сабағында студенттерге құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды мәліметтер берілді.

Құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдерге құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтың салдары және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары жайлы түсіндірді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқыққа қайшы әрекеттерді атап көрсетіп, нақты мысалдар келтірді. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жөнінде жан-жақты баяндады.

Студенттерге фишинг, криптовалютаға байланысты алаяқтық және өзге де жаңа қылмыс түрлерінен сақтану жолдары түсіндірілді. Елде дропперлік, сталкинг пен мәжбүрлеп үйлендіру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгені айтылды. Сонымен қатар түнгі уақытта көшеде серуендеу ережелері, ойын-сауық орындарындағы қауіп-қатерлер туралы ескертіліп, нашақорлық, құмар ойын, маскүнемдік және қоғамдық тәртіп бұзудың зияны жайында сөз қозғалды.

– Жастарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу, заңға бағынуға және тәртіпті сақтауға шақыру – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Жастайынан ойланбай жасалған әрбір әрекеттің салдары болатынын түсіну қажет. Мұндай кездесулер алдын алу шарасы ғана емес, сонымен қатар студенттердің жеке қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Біз баршаңызды заңды сақтауға, айналаңызға құрметпен қарауға шақырамыз, – деді Павлодар қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Руслан Сүлейменов.

Жанды әңгіме студенттердің қызығушылығын тудырып, құқық бұзушылықтың салмағын терең ұғынуға сеп болды.

Іс-шара соңында студенттер пайдалы мәліметтермен бөліскен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Ал тәртіп сақшылары жастарға кәсіби тұрғыда дамып, білімді де білікті маман болып қалыптасуға, ең бастысы – заңды бұзбай, тәртіпті сақтауға тілектестігін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру