Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы ПД бастығы Абай ауданына жұмыс сапарымен барды

Абай облысы полиция департаментінің Эльдар Данияров жұмыс сапары аясында Абай ауданына барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жұмыс сапары аясында Абай ауданына барып, ондағы полиция бөлімінің қызметімен танысты. Бұл бөлімге Ержан Қаратаев басшылық етеді.

Сапар барысында департамент басшысы полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесу өткізді. Жиын барысында ПД бастығы ауылдық округтің әкімі Дархан Амангельдинге және учаскелік полиция инспекторы Нұржан Байжановқа алғыс хат табыстап, атқарған істері үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың мамыр айында Кеңгірбай би ауылында ауыл тұрғындары алғашқылардың бірі болып ішімдіктен толық бас тарту туралы шешім қабылдаған. Халқы 900-ден асатын ауылда қазіргі таңда үш дүкен жұмыс істейді, және олардың ешбірінде ішімдік сатылмайды.

Бұл игі бастаманы учаскелік инспектор көтеріп, оны жастар белсенді қолдаған. Кейін бұл ұсыныс ауыл ақсақалдары мен әкімдік тарапынан да қолдау тапты. Осы тәжірибе енгізілгелі бері ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Кездесу барысында Эльдар Данияров қызмет барысында заңдылық пен тәртіпті сақтау, кәсіби этика нормаларын ұстану, сондай-ақ ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар ол ішкі істер министрлігі қолға алған реформалардың полиция жұмысының тиімділігін арттыруға, халық сенімін нығайтуға және сервистік модельді дамытуға бағытталғанын атап өтті.

өңірдің бас полицейі полиция қызметінің басты қағидасы – "Заң мен тәртіп" екенін баса айтты. Оның пікірінше, заңды қатаң сақтау мен құқықтық нормаларға құрмет көрсетпейінше, Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес. Бұл қағида полиция қызметінің негізін құрайды – яғни қоғамға қызмет ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жеке құрам өз ұсыныстары мен сұрақтарын еркін қою мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру