Астанада полиция мен Аналар кеңесі жастарды қорғауда күш біріктірді
Астанада полиция мен Аналар кеңес жастарды қорғауда күш біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада прокуратураның үйлестіруімен елордалық полицияның есірткі қылмыстарына қарсы күреске арналған айлығы аясында жастарды қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.
Осы жұмыс шеңберінде полиция өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесімен кездесу өткізді. Әңгіме барысында жасөспірімдердің есірткі айналымына тартылуы мен оны тұтыну қаупі талқыланып, отбасы тәрбиесінің маңызы мен өскелең ұрпаққа өмірлік құндылықтарды сіңіру мәселесіне айрықша назар аударылды. Балалардың өміріне ата-аналардың жауапкершілігі мен тұрақты араласуының қажеттігі ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ жиында лудомания мен буллингтің алдын алу тақырыбы қозғалды. Бұл құбылыстардың жасөспірімдердің психоэмоционалдық жағдайына зор қатер төндіріп, күрделі әлеуметтік мәселелерге алып келуі мүмкін екені айтылды.
Мұндай бірлескен іс-шаралар ата-аналар, құқық қорғау органдары және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттырады. Кездесуге қатысушылар заман сын-қатерлеріне тек күш біріктіру арқылы ғана тиімді қарсы тұруға және жастардың дамуы мен тәрбиесі үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болатынын атап өтті.