Астанада полиция студенттік жатақханаларды тексерді
Астанада полиция мен прокуратура студенттік жатақханаларды есірткі қылмысына қарсы айлық аясында тексерді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы күрес бойынша айлық жалғасуда. Осы жұмыс аясында жастармен дәрістер мен профилактикалық әңгімелер ғана емес, сондай-ақ тыйым салынған заттарды сақтау мен таратудың деректерін анықтау және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар да өткізіледі.
Бұған дейін осындай рейдтер елордадағы интернет-тапсырыс беру пунктерінде жүргізілген болатын. Бұл жолы полиция қызметкерлері прокуратура өкілдерімен және полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы мамандарымен бірге елордалық колледж студенттері тұратын бірқатар жатақханаларды тексерді. Іс-шара барысында есірткі заттарын іздеуге үйретілген қызметтік иттер пайдаланылды.
Тексерумен қатар, студенттермен кез келген заңсыз әрекеттерге жол бермеу, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы және жеке жауапкершілік туралы түсіндіру әңгімелері жүргізілді.
Жастармен жұмыс – есірткі қылмысының алдын алудағы басым бағыттардың бірі. Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жастардың дұрыс құндылықтарын қалыптастыруға, құқық қорғау органдарына сенімді арттыруға және оқу мен даму үшін қауіпсіз орта құруға ықпал етеді.